Өзбекстан

Өзбекстан Республикасы
өз. O‘zbekiston Respublikasi
Flag of Uzbekistan.svgCoat of arms of Uzbekistan.svg
БайрақЕлтаңба
Ұран: «Kuch adolat dadir»
Әнұран: «Kuch adolat dadir (Менің күн мен еркін шетінен)» (тыңдау )
Uzbekistan on the globe (Eurasia centered).svg
Тәуелсіздік күні31 тамыз 1991 жыл(КСРО-дан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тіліөзбекше
ЕлордаТашкент
Ірі қалаларыТашкент, Самарқанд, Ферғана, Əндіжан, Наманған, Бұхара, Қаршы, Нөкіс, Қоқан, Марғылан.
Үкімет түріПрезиденттік республика
Президенті
Премьер-министр
Сенат төрағасы
Шавкат Мирзиёев
Абдулла Әріпов
Нығметолла Юлдашев
Мемлекеттік дініИслам
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 55-шы-орын
447 400 км²
4,9
Жұрты
• Сарап (2013)
Тығыздығы

31 025 500 [1] адам (41-ші)
75,8 адам/км²
Экономикасы
ЖІӨ
  • Қорытынды (2015)
  • Жан басына шаққанда

51,979 млрд.[2] $
5938[2] $
ЖІӨ (АҚТ)
  • Қорытынды
  • Жан басына шаққанда

183,933 млрд.[2] $
3100[2] $
ЖІӨ (номинал)
  • Қорытынды (2015)
  • Жан басына шаққанда

68,190 млрд.[2] $
2201[2] $
АДИ (2015) 0,617[3] (орташа[3]) (114-ші)
ВалютасыСум
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі.uz
ISO кодыUZ
ХОК кодыUZB
Телефон коды+998
Уақыт белдеулері+5

Өзбекстан Республикасы (өз. O‘zbekiston Respublikasi) — Орталық Азияда орналасқан мемлекет. 1992 жылы 8 желтоқсанда қабылданған конституциясы бойынша – президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Президент 5 жылға сайланады. Жоғары заң шығарушы органы (Олий Мажлис) – қос палаталы парламент заң шығарушы палата (төменгі палата) және Сенаттан (жоғарғы палата) тұрады. Атқарушы органы – Министрлік Кабинет. Әкімшілігі жағынан бір автономиялық республикаға (қ. Қарақалпақстан) және 12 облысқа бөлінеді.

Тарихы

A.
Бұхарадағы Исмоил Сомони кесенесі

Өзбекстан жерін адамдар ежелгі тас ғасырынан (палеолит) мекендей бастады. Олар аңшылық және терімшілікпен айналысты. Жаңа тас дәуірінде (неолит) егіншілік пен бақташылық пайда болды. Қола дәуірінің соңында алғашқы мемлекеттік бірлестіктер – Соғды, Хорезм тайпалық одақтары құрыла бастады. Б.з.б. 5 – 4 ғасырларда ел аумағы Ахемен әулеті билеген парсы патшалығына бағынды. Бұл кезеңде өзбек жерін мекендеген халықтар мен олардың тарихы туралы Геродоттың жазбалары мен Бехистун сына жазуында айтылады. Б.з.б. 330 – 328 жылдары өлкеге Македонский шапқыншылық жасады. Грек-македон империясы ыдырағаннан кейін ел аумағында әр түрлі кезеңдерде Бактрия, Кушан, Қаңлы мемлекеттері өмір сүрді. 5 ғасырдың ортасында құрылып, түріктердің қысымымен ыдырап кеткен ақ ғұндар ( эфталит) мемлекетінің негізінде ел аумағы бір орталыққа біріге бастады. 6 ғасырдың ортасында Алтай мен Жетісуда құрылған Түрік қағанаты құрамында болды. 7 ғасырда ел аумағы Батыс түрік қағанатына бағынды. Осы кезеңде Ұлы Жібек жолы дамып, Самарқанд, Бұхара, т.б. қалалар ірі сауда орталықтарына айналды. Бірақ 7 ғасырдың аяғында қағандық ыдырап, өлкені арабтар жаулап ала бастады. Халық жаппай ислам дінін қабылдай бастады. Араб мәдениетінің ықпалымен Мауераннахр аймағы ислам әлемінің аса ірі мәдени орталығына айналды. 9 ғасырдың басында Араб халифаты ыдырай бастады да, ел аумағында Самани мемлекеті құрылды. Мауераннахр мен Зеравшан өңірі барынша дамыды. 10 – 12 ғасырларда ел аумағында Қарахан әулеті, Ғазнауи әулеті, Салжұқтар мемлекеті кезек-кезек билікке келді. 12 ғасырдың 2-жартысында Хорезм мемлекеті күшейіп, Бұхар мен Самарқандты бағындырды. 13 ғасырда өзбек жері Шыңғысхан империясы құрамына кіріп, ел аумағында Шағатай ұлысы құрылды. 14 ғасырдың 2-жартысында Әмір Темір Мауераннахр жерінде қуатты империя құрды. Оның астанасы – Самарқанд қаласы ірі сауда орталығына айналды. Үндістанмен, Қытаймен, Иранмен және Шығыс Еуропамен арадағы тікелей сауда байланысы елдің экономикалық және мәдени өркендеуіне әсерін тигізді. Өзбек мемлекетінің тарихи негізі қаланып, саясат, экономика, мәдениет, ғылым мен өнер саласында ірі табыстарға қол жетті. Әмір Темір өлгеннен кейін қуатты империя екіге бөлінді. Мауераннахрды Әмір Темірдің немересі Ұлықбек басқарды. Ұлықбек қолөнер мен сауданы дамытуға қолдау көрсетіп, ғылым мен мәдениетке жіті көңіл бөлді әрі аса көрнекті ағартушы-ғалым ретінде танылды. 15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында Орта Азияны Мұхаммед Шайбани ханның көшпелі өзбек тайпалары басып алды. Көшпелілердің жергілікті тұрғындармен сіңісуі нәтижесінде “Өзбек” этнонимі орныға бастады. Шайбани әулеті елдің шаруашылығын нығайтып, суландыру жүйесін жетілдіруге, ақша реформасын жүргізуге тырысты. Бірақ Сыр бойындағы қалалар үшін Қазақ хандығына, сондай-ақ қазіргі Иран, Ауғанстан аумағында құрылған мемл. бірлестіктерге қарсы үздіксіз соғыстар Шайбани мемлекетінің ыдырауына алып келді. 17 ғасырдың басында Бұхар хандығы, Хиуа хандығы, 18 ғасырдың басында Қоқан хандығы құрылды. Хандықтар арасындағы халықты күйзелткен үздіксіз соғыстарға қарамастан, өлкенің шаруашылық-мәдени тұрмысы әрі қарай дамыды, ирригациялық құрылыстар жетілдірілді, а. ш. жақсарып, жаңа қалалар бой көтерді. 19 ғасырда Ұлыбритания мен Ресей Орта Азияға, оның ішінде Өзбекстанға да көз тігіп, қордалы шикізат пен пайдалы қазбалар көзін иеленуге ұмтылды. Қазақ жеріне мықтап орналасқан Ресей Бұхар, Хиуа және Қоқан хандықтарымен дипломатикалық байланыс орнатуға тырысты. Ресей басқыншылары Орта Азия жеріне басып кіріп, 1876 жылы Түркістан генерал-губернаторлығын (орталығы – Ташкент қаласы) құрды. Қоқан хандығы жойылып, оның аумағы Түркістан генерал-губернаторлығына берілді. Бұхар және Хиуа хандықтарының аумақтары қысқартылып, өздері Ресей боданына айналды. Мақта алқаптары ұлғайтылып, мақта тазалау заттары мен май айыру кәсіпорындары салынды. Орта Азия Ресейдің отарына, оның аграрлы шикізат базасына, өнеркәсіп бұйымдарын өткізу ауданына айналды. 20 ғ-дың басында орыс шаруаларын Орта Азияға қоныс аударту басталды. Экон. және әскери стратег. мақсатты көздеген патшалық Ресей Орта Азия, Орынбор-Ташкент т. ж-н сала бастады. 1917 жылғы Ресейдегі төңкеріс елдің қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер алып келді. “Шура-и-Ислам”, “Шура-и-Улема” ұйымдары, “Жас Бұхаралықтар” қозғалысы пайда болды. Діни және түрікшілдік қозғалыстары күшейді. 1917 жылы 28 қарашада Қоқан қаласында құрылған Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан автономиясын көп ұзамай большевиктер күшпен таратты. Ташкентте, т.б. ірі қалаларда жергілікті гарнизон солдаттары мен негізінен славян ұлты жұмысшыларын өз жақтарына шығарып алған большевиктер т. ж. бойларында Кеңес үкіметін орнатты және 1918 ж. РКФСР құрамында Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын жариялады. Бірақ ірі қалалар мен әскери бөлімдер жоқ жерлердің барлығында жергілікті халықтың қолдауына сүйенген басмашылар қозғалысы күрт күшейді. 1920 жылы Ішкі Ресейдегі Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қызыл Армия бөлімдері басмашылар қозғалысын күшпен басты. Көп ұзамай Хиуа және Бұхар хандықтарында да Кеңес өкіметі күшпен орнатылып, халық толқулары Қызыл Армия тарапынан қатыгездікпен жанышталды. 1924 – 25 жылдары Орта Азия елдерінде ұлттық межелеу жүргізіліп, КСРО құрамында Өзбек КСР-і құрылды. 1937 жылы қабылданған Өзбек КСР-і Конституциясы КСРО тарағанша қолданыста болды. 2-дүниежүзілік соғысқа өзбек халқы да белсене араласты. 1991 жылы 31 тамызда өткен Өзбек КСР-і Жоғарғы Кеңесінің сессиясы елдің атауын Өзбекстан Республикасы деп өзгертіп, 1 қыркүйекте елдің тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдады.