Әмір әл-Қажы

Әмір әл-Қажы - (араб. амир әл-Хадж - қажылық керуен жетекшісі) - мұсылмандардың қажылық парызын өтеуге сапар шегетін тобының жетекшісі. Қажылық керуендеріне алғаш рет басшылық еткен төрт шаһариярдың (Мұхаммедтің (с.а.у.) ең жақын жолдастары, ізбасарлары) бірі - хазіреті Әбу Бәкір еді. 631 жылы Медине мен Мекке аралығына қатынайтын керуенге басшылық етуді оған Пайғамбар өзі тапсырған. 632 ж. дәл осындай Меккеден Мединеге баратын керуенді Мұхаммед (с.а.у.) тікелей өзі басқарып, осы жолда тұңғыш рет қажылық сапарында орындалатын әдет-ғұрып, зандылықгарды енгізді. Қажылықты басқару, қажылыққа сайлау еркі халифаларға берілді. Кейін Меккеге қажылық сапарымен келетін керуендер мен жол тораптарының көбеюіне байланысты Әмір әл-Қажылар саны да көбейді. Мысалы, 688 жылы төрт Әмір әл-Қажы болды. Осман халифаты кезінде Әмір әл-Қажыларға керуенді қорғау үшін арнайы жасақтар бөлінді. XX ғ-дың 20-жылдарынан Әмір әл-Қажы лауазымындағылардың саяси-әкімшілік, елшілік бағытындағы еркіне шектеулер қойыла бастады. 1954 жылдан Мысырда оларды тек «Керуен тобының жетекшісі» деп атайтын болды.