Әбікен Хасенов

Әбікен Хасенов (1897, қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы - 30.10.1958, Алматы) - қазақтың күйші-домбырашысы, шертпе күйдің шебері, актер, Қазақстанның еңбегі сіңген артисі (1945). Домбырашылық өнерге баулыған әкесі Хасен, немере ағасы Мақаш Садуақасұлы және Ақмолда Дүйсенұлы болды. Кейіннен ол белгілі күйші-домбырашылар Баубекпен Қыздарбектен Тәттімбеттің күйлерін үйренеді. 1934 жылдан қазіргі Қазақ академиялық драма театрында қызмет етті. Xасенов театр сахнасында Қүнанбай (М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің "Абайында"), Қараменде (Әуезовтің "Еңлік - Кебегінде"), Қодар, Балта (Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері -Ақтоқтысында"),Мұса(С.Мұқановтың "Шоқан Уәлихановында"), Тайман (Ә.Тәжібаевтың "Май-расында"), т.б. образдар жасады. Сонымен қатар ол Тәттімбеттің "Сарыжайлау", "Көкейкесті", "Сылқылдак", "Бес төре", "Азамат", "Қос-басар" (бірнеше түрі), т.б. күйлері пластинкаға түсірілді. Оның өзі шығарған "Қоңыр" атты күйі бар.[1]

Ол дәстүрлі музыкалық ортада, күй өнерін құрметтейтін қадірлей білетін елде өсті. Оның алғашқы ұстазы өз ағасы Мақаш. Аттары аңыз болған домбырашылар Баубек, Қыздарбек, Әбді, Ақмолда, Итаяқтардың есімдері елге кең жайылған аса қадірлі қасиетті өнерпаздар осында өмір сүрді.

1934 жылы Әбікен қазақ әдебиетінің классигі жазушы Сәкен Сейфуллиннің көмегі тиіп Қазақтың драма театрына жұмысқа алынып өмірінің соңына дейін сонда істейді. Әбікен көптеген батырлар мен билердің бейнесін сахнаға шығарды.

Бірақ Әбікен өміріндегі ерекше орын алатын қасиеті әрине күйшілігі. Оның домбырасының қоңыр үні жүректегі қыл сезімдерді қозғап көңілдегі шерді дөп басатын сиқырлы сазымен со кездегі қазақтың зиялы қауымының әртістерінің ақын-жазушыларының ғалымдарының ұйып тыңдайтын көңілдерінің қошы бола білді. Бақытымызға орай Әбікеннің көзі тірісінде оның орындауындағы Тәттімбет пен Әбдінің күйлері саз табақшасына түсіріліп, өзі шығарған «Қоңыр» күйіне ән де жазылып қалды.[2]

  • Дереккөздер

Дереккөздер

  1. Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8