Үрмелі оркестр

Үрмелі оркестр - үрлемелі және ұрмалы музыкалық аспаптарда орындаушылар ұжымы. Үрмелі оркестр әр қилы окустикалық жағдайда - концерт залдарында, ашық ауада, марштарда пайдалынады. Сондай-ақ, саяси-қоғамдық, мәдени-көпшілік, спорт, мейрам, салтанатты той- жиындарын өткізуде кең қолданылады. Үрмелі оркестр - көпшілікке кенінен тараған музыкалық ұжымдардың бірі. Кезінде КСРО-да 60 мыңдай Үрлемелі оркестрлер болған. Үрлемелі және ұрмалы музыкалық аспаптар ансамбльдері б.з.б. Египет, Персия, Грекия, Қытай, Үндістан елдерінде салтанатты діни жиындарда және әскери жорықтарда қолданылған. Ресейде 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында барлық әскер полктеріне тұңғыш рет әскери оркестр штаты енгізілді. 19 ғасырда жетілдірілген үрлемелі музыкалық аспаптардың пайда болуы Үрлемелі оркестрдің орындаушылық қабілетін кеңейтті. Үрлемелі оркестрдің мүмкіндігін өз шығармаларында Л.Бетховен, М.И. Глинка, Н.А. Римский-Корсаков, А.А. Алябьев т.б. композиторлар кеңінен пайдаланды. 20 ғасырда Үрлемелі оркестрдің 3 түрі (кіші, орташа, үлкен) қалыптасып, кейбір үлгілі оркестрде және мемлекеттік Үрлемелі оркестр құрамында 80 - 100 орындаушыларға дейін болды. Үрлемелі оркестр құрамына ағаштан жасалған музыкалық аспаптар (флейталар, гобойлар, кларнеттер, саксофондар, фаготтар), жезден жасалған музыукалық аспаптар (валторналар, трубалар, тромбондар, корнеттер, баритондар, бас және контрабастар) және ұрмалы музыкалық аспаптар кіреді. Кейде үлкен оркестр құрамында арфа, рояль, челеста, қоңыраулар, там-там, маримба, вибрафон т.б. музыкалық аспаптар пайдаланылады. Ол мәдениет университеттері мен музыка насихаттау кештерінде көркем өнерпаздар үйірмелерінде қойылатын опера, балет, драммалық спектакльдерде, концерттерде, т.б. қолданылады.[1]

  • Дереккөздер

Дереккөздер

  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8