Құран

Құран туралы мақалалар
Құран Кәрім
Bismillah.svg
Құран Порталы
Portal icon Құран порталы

Құран немесе Құран Кәрім (араб.: القرآن‎, al-qurʾān, [qurˈʔaːn]) — Ислам дініндегі негізгі киелі кітап. Мұсылмандар оның Мұхаммед пайғамбарға ﷺ ақиқатты баян ету үшін түсірілгендігіне, адамзатқа одан үзілместен жеткен Аллаһтың сөзі екендігіне сеніп[1], иман келтіреді. Оны оқу (тиләуәт) арқылы Аллаһқа құлшылық қылады. Құран Тәурат пен Інжілден кейінгі аспандық кітап ретінде және араб тіліндегі кітаптардың ішінде шешендік тұрғысынан ең байы саналады. Құран уахидың түскен жері мен уақытына байланысты меккелік және мединелік боп бөлінген 114 сүреден тұрады.

Мұсылмандар Құран Мұхаммед пайғамбар ﷺ 40 жасқа жеткеннен бастап өліміне шейін (632 жыл/11 һ.ж.) 23 жыл бойы Аллаһ тарапынан Жәбірейіл періште арқылы түсірілгеніне сенеді. Сонымен қоса мұсылмандар Құранның сахабалармен дәлме-дәл сақталғанына, оның аяттарының анық және баяндалған екендігіне, оның барлық замандағы күллі адамзатқа уағыз ретінде жіберілгеніне сенеді.

Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өлімінен кейін Құран әділетті халифа Әбу Бәкр әс-Сиддиқпен Омар ибн әл-Хаттабтың ұсынысына сәйкес бір нұсқаға жиналады. Екінші халифа болған Омардың өлімінен кейін Құранның бұл нұсқасы иман келтіргендердің анасы Хафса бинт Омарда сақтаулы қалды. Бұл жағдай үшінші халифа Осман ибн Аффанның мұсылмандардың Құран оқудағы түрлі диалекттердің себебінен болған қайшылықтарын көргенге дейін жалғасады. Осман Хафсадан Құрайыш диалектіне сәйкес жазылған нұсқаны ортақ үлгі болу үшін сұрап алып, көшірмелерін жасауды, оған сәйкес емес нұсқаларды жоюды әмір етеді. Османның бұл жинақтаған Құранның нұсқасы халифат аумағына таратылып, ол бір нұсқасын өзіне қалдырады. Бұл нұсқа Османның мусхафы (Құранның экземплярын «мусхаф» деп атайды) аталып кетті. Зерттеушілер Осман жинаған Құранның нұсқасы Әбу Бәкр жинаған нұсқаға толығымен сәйкес санайды.

Құран сөзінің шығу тегі

«Құран» сөзі араб.: قرأ‎ деген түбір сөзден шыққан, ал оның негізі «жинау» мағынасын беретін араб.: قرء‎ сөзі. араб.: ‎ деген сөз «суды хауызға жинадым» деген мағына береді. Құранның бұлай аталу себебі, оның аяттар мен сүрелерді жинап, бір-біріне жалғастыруында[2]. Бірақ «Құран» сөзінің шығу тегі турасында басқа пікірлер де бар. Әш-Шафиғи айтқан:

Құран деген — есім, оның һамзасы жоқ және «қара′ту»-дан алынбаған, бірақ ол Аллаһ кітабының аты

Әс-Суюти әл-Итқан фи ′улум әл-Қуран, 1 т., 169 бет

Ал әл-Фарраның айтуы бойынша «ол қарāин (араб.: قرائن‎) (жұбайлар, достар; жекеше түрі: қарӣна) сөзінен шыққан, себебі Құранның аяттары бір-бірін растайды және бір-біріне ұқсайды, міне сол „қарāин“[3]»

«Құран» сөзі «фа′лāн» өлшемі (уазны) бойынша жаслаған, және ол көптеген қарилердің оқуындағыдай һамзалы боп келеді, және Абдуллаһ ибн Касир әл-Мәккидің оқылуында жуан болып келеді (араб.: قران‎). Құран сөзінің шығу тегіне сирия тіліндегі «қасиетті кітапты оқу» немес «дәріс» мағынасын беретін «қарйана» (قريانا) сөзі сәйкес келеді. Көптеген батыстық зерттеушілер «Құран» сөзі осы сөзден шыққан деп тұжырымдайды, бірақ мұсылман ғалымдардың көбісі бұл сөздің негізін «қара′» түбіріне қайтарады[4]. Қалай болса да «Құран» сөзі Мұхаммед пайғамбардың ﷺ заманында араб терминіне айналды[1]. Құран сөзінің тағы бір маңызды мағынасы — оқу (қыраат). Ғалым әт-Табраси айтқан: «Құран сөзінің негізгі мағынасы — оқу. Және де ол „қара′ту“ (оқыдым) немесе „тәләуту“ сөзінің түбірі, бұл Ибн Аббастан риуаят етілген[5]».

Құранның бұдан басқа көптеген Құранның ішінде ишарат етілген атаулары бар. Мысалға: «әл-Фурқан», «әл-Һуда», «әз-Зикр», «әл-Хикма», «Каламу-Ллаһ», «әл-Китаб», және мұсылман жазушылар Құранның атулары мен мағыналары туралы еңбектер жазды. Ал «мусхаф» деп аталу Құранның жазылған нұсқасын айтылуға қолданылады. Бұлай аталу бастапқыда қолданылмағанымен, Әбу Бәкр Құранды жинақтағаннан кейін осы сөз оның атауына айналды. Құранға «Фурқан» деп айтылу себебі, ол ақиқат пен өтіріктің арасын айырушы (фариқ), анық құжат және оның дәлелдері, парыздары, шектері мен басқа да білдіретін мағыналары хақ пен өтірікті айырушы. Бұл айыру ақиқатты көрсету мен өтірікті негізін жою арқылы[6]. Аллаһ тағала әл-Фурқан сүресінде айтады:

Өзінің құлына әлемдерге ескертуші болу үшін Фурқанды түсірген (Аллаһ) Берекетті

Ал Құранның зікір екені туралы әл-Хиджр сүресінде айтылады:

Шын мәнінде Біз зікірді түсірдік және шын мәнінде Біз оны сақтаймыз»

Бұдан мақсат — Мұхаммедке ﷺ түсірілген Құран еске алам дегендерге зікір, уағыз тыңдаймын дегенге уағыз[7]. Муфассир-ғалымдар Құранның атаулары үш топтан тұратынын айтқан.

  • 1-ші топ. Бұл Құранның заты мен болмысына ишарат ететін есімдер. Әл-Китаб:
Бұл анық Кітаптың аяттары.

Әл-Құран:

Шын мәнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды және салихалы амалдар жасаған имандыларды үлкен сауаппен қуандырады.

Каламу-Ллаһ (Аллаһтың сөзі):

Егер мүшриктерден біреу сенен пана тілесе, онда оған Аллаһтың сөзін тыңдағанға дейін пана бер. Сонан соң оны бейбіт орынға жеткіз. Бұл олардың түк білмейтін қауым екендігінен.

Әт-Танзил (түсіру):

Шын мәнінде ол (Құран) әлемдердің Раббысы түсіргені.
  • 2-ші топ. Құранның сипаттарына ишарат ететін есімдер. Әл-Кәрим:
Шын мәнінде ол Ардақты Құран.

Әл-Мәджид (ұлы):

Бірақ ол Ұлы Құран.

Әл-Мубарак (берекетті, мүбарак):

Саған олар аяттары туралы ойланып, ақыл иелері зікір ету үшін түсірілген Берекетті Кітап.
  • 3-ші топ. Құранның адамдарға қалай әсер ететіні туралы. Әл-Һуда (тура жол):
Бұл күмән жоқ Кітап — тақуаларға тура жол.

Әр-Рахма (рахмет, мейірім):

Жақсылық жасаушыларға тура жол мен мейірім.

Ән-Нур (нұр):

Ей, адамдар! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді және біз сендерге анық Нұр түсірдік!

және т.б. есімдер мен сипаттар.

Мұсылман ғалымдар Құранның атауларын жинап, оларды түсіндірумен айналысқан. Мысалға әз-Замахшари өзінің тәпсірінде Құранның 32 есімін жинаған, ал кейбіреулер болса оның 47 атауын жинаған. Қазы Әбул-Мағали Азиз ибн Абдул-Мәлик айтқан: «Аллаһ Құранды елу бес есіммен атаған», ал әл-Харралидің санағы бойынша Құранда 90-нан астам атау бар екен.