Қызылорда

Қала
Қызылорда
Таңбасы
Таңбасы
ЕлҚазақстан
СтатусыОблыс орталығы
ОблысыҚызылорда облысы
Координатасы44°51′ с. е. 65°31′ ш. б. / 44.850° с. е. 65.517° ш. б. / 44.850; 65.517 (G) (O) (O) (Я)
ӘкіміҚырымбек Елеуұлы Көшербаев
Құрылған уақыты1820
Бұрынғы атауыАқмешіт, Перовск
Жер аумағы240 км²
Климатықатаң континенталды, қуаң
Ресми тіліқазақ тілі
Тұрғыны200 900 адам (2011)
Этнохоронимқызылордалық
Уақыт белдеуіUTC+6:00
Телефон коды+7 7242
Пошта индекстері120000
Автомобиль коды11
Ресми сайтыhttp://www.kyzylorda-city.kz
 (қаз.)  (орыс.)
Қызылорда (Қазақстан)
Red pog.png
Қызылорда (Қызылорда облысы)
Red pog.png

Қызылорда – қала, Қызылорда облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тұрғыны 198,3 мың адам (2005). 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдары. Қала теңіз деңгейінен 126-130 м биіктікте жатыр. Қала аумағы өзенді бойлай оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай төртбұрышты пішінде созылып жатыр. Жер аумағы 3683 га. Қаланың 17,0 га аумағы теміржол тораптарына, 165 га аумағы көліктік көшелерге, 19 га аумағы талы жоқ қала бақтары мен демалыс орындарына, 51 га алқабы шөлді-шөлейітті орындар үлесіне тиеді. Геологиялық тұрғыдан Қызылорда аумағы Тұран эпигерциндік платформасы үстінде жатыр. Палеозойда қалыптасқан бұл жазықты кейде "Сыр ойысы" деп те атайды. Ойыстың шеткі иіндері палеозойлық қатты метаморфты жыныстарға толған. Ойыстың көлденең ені 400 км. Орталығында палеозойлық тау жыныстары 600-900 м тереңдікте жатыр. Кейіннен ойыс мезозой, одан кейін кайнозой жыныстарымен жабылған. Шөгінді қабат үшке бөлінеді.

Қызылорда вокзалы

Ең жоғарғы қабатының қалыңдығы 10-15 м. Бұл толығымен аллювийлі шөгінді жыныстар. Келесі құмды қабаттың қалыңдығы 50-80 м. Олар негізінен көтеріңкі немесе құмды төбелер бөліктерінде жатыр. Үшінші қабат палеогеннің аяғындағы (олигоцен) теңіз саздары мен құм тастарынан тұратын жасыл-сұр түсті жыныстардан тұрады. Қабат 50-80 м тереңдікте жатыр.

Қала Қамысқала атты елді мекенде 1817 жылы салынған Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі негізінде қаланды. 1853 жылдың тамызынан басқыншы, генерал В.А. Перовскийдің атымен бекініс Перовск форты аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901-06 жылдары Орынбор – Ташкент теміржолының салынуына байланысты қала халқы қарқындап өсті. Кеңес өкіметі Қазақстанда ең бірінші осы Перовскіде, 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылғанымен, 1925 жылдың сәуірінде Қызылорда деп қайта өзгертіліп, Қазақ АКСР-інің астанасы мәртебесі берілді (1929 жылға дейін).

Қалада 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ драма театры (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия театры) ашылды. Денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. 1938 жылы облыс орталығына айналды. XX ғасырдың 30-жылдары қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.

Қалада күріш машиналарын шығаратын «Қызылордакүрішмаш» АҚ, Құрылыс материалдары мен құралдар комбинаты, эксперименттік механикалық және тәжірибелік жөндеу-механикалық зауыттары, тоқылмайтын маталар, аяқ-киім фабрикалары, сонымен бірге астық өнімдері және азық-түлік, тағам бағытында «Береке-нан», «Балық», «Жайна» «Ісмер», «Қуат» АҚ-тары жұмыс істейді. Қалада «Айдан», «Аңсар», «Айжан», «Бабас», «Бастау және К», «Бейбарыс», «Сыр шарабы», «Темірхан», «Яксарт» және т.б. ӨК, АҚ-дар мен кәсіпорындар елге қызмет көрсетеді. Қаладағы көлік қатынасын «Маршрут», «Қатынас» АҚ-тары, «Жаңа талап» ӨК-і жүргізеді. Кейінгі жылдары қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, Аквапарк, Сарқырама каналы, Жағажай, төрт жұлдызды «Самал» қонақүйі, «Еуразия» кешені салынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Қорқыт Ата, Абылай хан, Амангелді Иманов, Мұхтар Әуезов мүсіндері орнатылған. «Қызылорда таймс» (1994), «Ақмешіт ақшамы» (1997), «Новая Кызылорда» (1998) газеттері шығады.[1]

Білім беру және мәдениет саласы бойынша қалада 30-дан аса жалпы білім беретін мектеп, 5 колледж, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Сейхун» академиясы, Экономика, экология және құқық университеті, Гуманитарлық университет бар. Аймақтық агроэкология ғылыми-зерттеу институты облыста ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Облыстық мемлекеттік архив, драма театры, «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі, филармония, көркемөнерпаздар шығармашылық үйі, облыстық халық шығармашылығы мен білім беру және мәдени жұмыстардың ғылыми-әдістемелік орталығы т.б. бар.

Тарихы

Қорқыт Ата кешені

Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы бұрынғы маңызын жоғалтпай, тек аты ғана бірнеше рет өзгергенімен (Ақмешіт – 1818 жылы, Перовск – 1853 жылы, қайтадан Ақмешіт – 1922 жылы, Қызылорда – 1925 жылы), әр кезеңде Сыр бойы атрабының әлеуметтік және мәдени орталығы болып қалыптасты.

Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды.

1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастайды.

1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды. Ал 1917 жылы 30 қазанда Перовскіде Кеңес үкіметі орнады. Жаңа үкімет үшін болған ұрыста А.Першин, Н.Шумилов, Н.Селиверстов тағы басқа жауынгерлер ерлік үлгісін көрсетті.

1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 1925 жылы қалаға Қызылорда аты беріліп, онда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты белгілі қаламгерлердің туындылары сахналанып, М.Әуезовтың “Еңлік-Кебек” спектаклі қойылды. Ал 1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. 1960-70 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқкиім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді-мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті.

Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеп, көптеген мектеп үйлері жаңадан салынды.

1980-90 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді. Соңғы жылдары салынған Ақмешіт, Мерей шағынаудандары, “Оңтүстікмұнайгаз” фирмасының әкімшілік үйі, Диагностикалық орталық, облыстық аурухананың жаңа үйлері қала ажарын аша түсті. Шетелдік компаниялардың Сыр бойының табиғи байлығын игеруі тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне ықпал ете бастады. Ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан Қорқыт баба, Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлар мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес Одағының батырлары атанған 22 майдангер ерлеріміздің есімдері – ел мақтанышы. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдары мен даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтарды дүниеге әкелген де осы қасиетті Сыр топырағы. Олар — өлке тарихына енген, көше бойларындағы үйлерге жазылған биік тұлғалы қасиетті есімдер.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласының іргесінің қаланғанына 200 жылға жуықтаған кезеңде де оның заман өзгерістеріне толы тарихи оқиғалары, ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін Арал өңірін, Сырдария жағасын мекендеген халықтардың археологиясы, этнографиясы, әлеуметтік-мәдени өмірі зерттеушілердің назарында болып келеді.

Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанға, ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор – Ташкент теміржолы республиканың жаңа астанасын Ресей орталығымен, Қазақстанның батыс, оңтүстік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстыратын еді. Оның үстіне Ақмешіт болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығына орналасты. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда республика басшылары С.Қожанов, С.Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүддені көздеп келген деген деректер бар.

“Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек”, - деп жазды С.Қожанов “Ақжолдың” 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шарлар іс жүзінде істелуі қиын”.

Перовск станциясы теміржол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде “Қызыл паровоз” жөндеуден өткізіліп, Орынборға жіберілді.

Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Иса Байзақов, Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын.

Бұл съезге Қазақ Республикасының қарауына кірген Қарақалпақ Автономиялы облысының өкілдері бірінші рет қатысты. Қарақалпақ делегаттарының бірі Әбу Құдабаев Ақмешіт қаласына жақын Сырдария өзенінің батыс жағасындағы “Қызыл қайың” ауылында 1899 жылы туған. Ол бірқатар жылдар бойы Қарақалпақ облыстық партия комитетін басқарды. Кейінірек сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналды.

Құрамында Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары бар өкімет пойызын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адам жиналған митингтер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митинг болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Өкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұмысшылары мен интеллигенциясы қызу құттықтады. Қала жастары атынан Әбділда Тәжібаев сөз сөйледі.

Сонымен 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды.

Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі қазақ халқының тарихи дұрыс атының қалпына келтірілуі еді. Яғни Кеңестердің бүкіл қазақтың V съезі “бұдан былайғы жерде “киргиз” деген атау “қазақ” деп аталсын” деп қаулы қабылдады. Сонымен бірге съезд “Киргиз Республикасын” “Қазақ Республикасы” деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды.

Қызылорданың Қазақстан астанасы деп аталуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Еліміз жаңа бір қоғамдық құрылыстың ғимаратын қалай бастады. Бұл кезде қаланың тұрғыны 22577-ге жетті. “Қызылқала” сөйтіп өмірге жаңаша қарқынмен қанат жая бастады. Дәл осы жылдары жарқыраған электр жарығы іске қосылды. Астана мәртебесіне қол жеткізген соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да артелдердің қатары көбейді.

Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса, орталық ғылыми-зерттеу ғимараты жанынан қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған болатын.