Қарағанды облысы

Қазақстан облысы

Қарағанды облысы

Қарағанды облысының елтаңбасы
Қарағанды облысы елтаңбасы
Қазақстан картасындағы Қарағанды облысы

Облыс орталығы

Қарағанды

Құрылған уақыты

10 наурыз 1932 жылы

Аудандар саны

9

Тұрғыны

1 378 288 [1] (2015 жыл)
5-ші орын
- тығыздығы
3,17 адам/км²
15-ші орын

Ұлттық құрамы

қазақтар 49,75%
орыстар 36,98%
украиндар 3,21%
немiстер 2,41%
татарлар 2,30%
басқалары 5,35% (2015ж.)[2]

Жер аумағы

1-ші орын

- Барлығы
- Су беті

427 982 км²

Экономикалық ауданы

Орталық Қазақстан

Әкімі

Ерлан Жақанұлы Қошанов

ISO 3166-2:KZ коды

KZ-KAR

Телефон коды

+7 721

Пошта индекстері

100000

Автомобиль коды

09

Уақыт белдеуі

UTC+6:00

Ресми сайты

Облыстың ресми сайты

Қарағанды облысыҚазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1932 ж. 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 428 мың км2. Тұрғыны 1,35 млн адам, орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,1 адамнан келеді (2009). Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 9 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталық – Қарағанды қаласы.

Тарихы

Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймаққа айналды.

ҚОАК-тің Қарағанды облысы бойынша Ұйымдық комитетінің төрағасы, өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросының мүшесі Абдолла Асылбеков болды.

Осы өңірдің тумасы, сол замандағы қоғамдық құбылыстардың, өзгерістердің ұйытқысы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бірақ ол 1937 жылдың зобалаңына ұшырап, нақақтан нақақ ауыр жазаға кесілді.

1938 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институтының құрылды. Ол кейін педагогикалық институттың, бұдан соң қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің негізін қалаған облыстағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. Бұл уақытта қала тұрғындарының саны 162 мың адамға ұлғайып, бүгінгі орталық бөлігіндегі ғимараттар мен үйлердің салынуы басталды.

1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түсті.

1943 жылы Қарағандыда облыстар арасынан алғаш рет өткізілген әйгілі ақындар айтысы болды. Облыстың барлық қалаларына, аудан орталықтарына, ірі кәсіпорындарына радио арқылы тыңдатылған бұл айтыста атақты халық ақындары Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Нартай Бекежанов,Ғабдиман Игенсартов, Нұрлыбек Баймұратов, Көшен Елеуовтер жыр додасын қыздырды.

1944 жылдың 31 желтоқсанында Теміртаудағы Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының бірінші мартен пешінің қатарға қосылып, қазақстандық тұңғыш болат алынды.

1947 жылы 12 миллион 565 мың тонна көмір өндіріліп, Қарағанды Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде танылды. Қазақ металлургия зауытында екінші мартен пеші іске қосылып, экономиканың нығаюы басталды.

1949 жылдың 16-21 маусымы аралығында қалада «Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеп, игеру проблемалары» жөніндегі Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізілуі аймақ ғылымының дамуына тың қозғау салды. Геология басқармасы құрылып, жаңа кен көздерін іздестіріп табу істерін кең ауқымды жүргізу жолға қойылды.

1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш атом бомбасының сыналуы облыс тарихындағы қаралы таңба болып қалды. Төрт жылдан кейін Дегелең тауы тұсында сутегі қаруы жарылып, Егіндібұлақ аймағы өңірі тұрғындарына тағы ауыр зардап әкелді. 1949-1962 жылдары бір кездегі әсем өңірдің ашық аспанында дүлей қарудың 266 жарылысы жасалды. Содан кейінгі уақытта да сынақтар тоқталмай, дала 300 рет ғаламат жарылыстардан сілкінді.

1950 жылдың 17 қазанында облыстағы екінші жоғары оқу орны — Қарағанды медициналық институты ашылды. Аймақтың өз білікті дәрігерлерін көптеп даярлауына мүмкіндік туды.

Облыс елуінші жылдары тек өнеркәсібі дамуымен ерекшеленбей сондай-ақ ауыл шаруашылығын да өркендетті. 1956-1957 жылдары аймақта ірі қара саны — 36,5 мың, қой мен ешкі 358,7 мың басқа жетті. Сонымен қатар бұл кезеңде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Облыс бойынша 1958 жылы 1957 жылмен салыстырғанда осы мақсатқа жұмсалған қаржы мөлшері 13 пайызға өсіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 28 пайызға артты.

1953 жылдың қыркүйегінде облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдады. Бұл жылы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» және Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдары қарағандылық оқырмандардың қолына тиді.

Қарағандының түбіндегі Жауыртау етегінде туып-өскен Ғабиден Мұстафин бұдан соң аймақ өткендегісін баяндаған «Дауылдан кейін» және «Көз көрген» кітаптарын жазды.

Тың

Елуінші жылдардың орта шенінде облыстың топырағы құнарлы бөліктерінде тың игеру науқанының басталуы елеулі оқиғалардың бірі болды. Осынау іс жері егін өсіруге қолайлы Нұра және Осакаров аудандарында кең өріс алды. Алғашқы тың шаруашылықтары «Донской», «Родниковский», «Киевский», «Энтузиаст», «Шахтер», «Индустриальный», «Шербаковский», «Киргизия» т.б. құрылды.

1954 жылы Жезқазғанға қала мәртебесі берілді. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Кеңес одағындағы ең ірі металлургиялық зауыт Қазақстан Магниткасында бірінші домнаның іргетасы қаланды.

1958 жылдың қазан айында облыс Ленин орденімен марапатталды. Ол астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндірудегі зор жетістіктер үшін берілген еді.

Қоныстандыру

Орталық Қазақстанның этникалық құрылымының құрылуы мен дамуының тарихы ұзақ. Өлкені қоныстандыру әртүрлі уақыттарда және түрліше жүргізілді. Орталық Қазақстан аумағында адам баласы ежелгі кезеңнен өмір сүргені белгілі, бірақ, өлкені қоныстандыру және игеру үдерісі XX ғасырға дейін созылды.

Бұл кезең Қазақстан аумағында өз позициясын нығайту мақсатында күрес жүргізген Ресей империясының аймақта өз қызметін жандандыруымен сипатталады. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» бойынша қазіргі Қарағанды облысының аумағы Баянауыл, Ақмола, Қарқаралы округтерінің құрамына кірді. Өз әсерінің күшін нығайту және өлкені игеруге қажетті жағдай жасау үшін патша үкіметі шекара бойына нығайтылған шептер ұйымдастырды. Осы шептер бойында сібір казактары мекендеген Қарқаралы (1824 ж.), Ұлытау (1841 ж.), Ақтау (1837 ж.) және тағы да басқа осылар сияқты алғашқы елді мекен-станицалар пайда болды.

Орта жүздің ірі руларының бірі арғындардың негізгі бұқарасы Орталық Қазақстанда шоғырланғаны белгілі. Деректік мәліметтер бойынша олардың саны уездер бойынша келесідегідей болған: Қарқаралы уезінде – 87 381 шаруашылық, Ақмолада- шамамен 100 мың, Атбасарда – 32 207 болған. Бұнымен қоса осы жерлерде найман руынан шыққан қазақтар да көшіп-қонып жүрген. Атбасар уезінде олар 38 375 шаруашылық болды.