Ясы

Ясы деген сөз шы­ғу төркіні

“Ясы шаһары Имам ат-Табаридің (838-923) “Тарих ар-русул уа-л мулк” – “ Пайғам­барлар мен патшалар тарихы”, Әл-Мұ­қаддасидің (946-1000) “Ахсан ат-тақасим фи мағрифат әл-ақалим”– “Климатты білудің тиімді жол­дары”, Әл-Истахридің (850-934) “Әл-Ма­са­лик уә-л мамалик” – “Жолдар мен мем­л­екеттер”, Әл-Бәкридің (?-1094) “Әл-Муғжам ма әл-мұстағжам” – “Түсініксіздің тыныс белгілері туралы”, Ас-Самъанидің (1113-1167) “Әл-Ансаб” – “Насабнаме”, Яқұт әл-Хамауи ар-Румидің (1179-1229) “Муғжам әл-булдан” – “Елдер жайлы (географиялық сөздік)”, Ибн Саид әл-Мағрибидің (1214-1286) “Китаб әл-жуғрафия” – “География жай­лы кітап”, Ибн Фадл Алла Әл-Умаридің (1301-1349) “Әл-Масалик уа-л абсар фи мамалик әл-амсар” – “Мемлекеттердің ірі жол­дарын сипаттау” атты еңбектерінде жай аталғаны болмаса, мән-мағынасы анық көрсетілмеген. Шаһардың неге бұлай аталатынына да түсінік берілмеген.

Ортағасырлық тарихшы Ибн Тагри­берди (1411-1465) “Ясы” сөзінің көне түркі тілінде “реттеу, тәртіпке келтіру” деген мағынаға саятындығын айтады. “Бұл сөз әсіресе Мысыр мен Шамды мәм­лүктер билеген кезде кең тарады, – дейді. Сөйтеді де ол кітабының басқа бір жерінде, “Яса көне моғол сөзі” дейді. Әйтсе де ғалым бұл моғол тілінің жеке-дара тіл немесе көне түркі тілдерінің бір диалектісі екендігін ашып көрсетпеген.

Тағы бір рухани бұлақ көздерінде “Яса” қала емес, қыстақ деп көрсетілген. Мысалы үнділік белгілі тарихшы Абд әл-Хайй ибн Фахр ад-Дин әл-Хасани әл-Һинди (?-1922) “Нузһәт әл-хауатир уә бәһжәт әл-масамиғ уә-н науазир” – “Ойша серуен және құлақ пен көз сұлу­лығы” деген еңбегінде Аш-Шейх Маулана Абд Алла әл-Кашмири (?-1757) туралы әңгімелей отырып, оның бабасының атын Мұхаммед Фадл әл-Ясауи деп көрсетеді, яғни ол тегі жағынан ясылық деген сөз. Ол “Түркістан өңіріндегі Ясы қыстағынан еді” деп жазады.

Ас-Суюти Түркістанға қоса Ясыны да атайды. Көптеген араб тілді кітаптар Ясы туралы айтқанда “бұл қасиетті қала – шығармашылығы исламның рухани мұ­расын байытқан атақты адамдарды дүниеге әкелді” деп оған жақсы баға береді.

Жоғарыда мұсылман Шығысы қалам­герлерінің пікірін келтірдік. Ал енді Ясы туралы отандық жазба деректер не дейді деген мәселеге келсек, еліміз энцик­ло­педияларының бірінде: “Ясы – Түркістан қаласының ежелгі атауы. Қазақстандық археологтар ертедегі Ясының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. VІІ-ХІІ ғасырларда Түркістан Шауғар (сақ тілінде ол Қаратау деген мағынаны біл­діреді) атанған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғ. қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Мамун, Х ғ. соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорық жасаған. ХІІ ғ. І-ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қожа Ахмет Ясауи осында келіп қоныс тепкен кезде атақ-даңққа бөленді.

Ясы туралы алғашқы деректер мұсылман тарихшыларынан басқа ХІІІ ғ. жарық көрген Киракос Гандзакенцидің “Армения тарихы” атты еңбегінде де кездеседі. Онда Ясы қаласы Асан деген атаумен берілген. Ясы атауы ХІV ғ. бастап тарихи шығармалардың беттерінде жиі көріне бастайды.

Ясы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің (ХV ғ.) еңбегінде де ұшырасады. Бұл шаһар орта ғасырларда Орта Азия ғимараттары үрдісі бойынша дамыды: қамал, шаһристан, рабат қалыптасты. ХV ғ. І-жартысында Шараф ад-Дин Әли Йазди Ясыны “шағын елді мекен болды” деп көрсетсе, ал ХVІ ғ. Рузбихан Исфаһани “Михманнама-и Бұхара” – “Бұхара мейманының жазбаларында: “Ясы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы. Ясы қаласына тауар­лар мен қымбат, бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүкте­рін шешіп, саяхатшылар тобын әр елге аттандыратын орын болды”, – деп жа­зыл­ған. [Түркістан. Халықаралық энцик­лопедиясы. Алматы, 2000, 590-бет].

Абд ал-Хаий әл-Хасани әл-һинди атал­мыш еңбегінде осы Ясы – Түркістаннан шыққан бірқатар ойшылдардың аттарын атайды. Олар Әбу-л Аббас Ахмед бин Мұхаммед әл-Ясауи, Аш-Шейх Шамс ад-Дин Ахмед бин Абд әл-Мумин ат-Түр­кімани әл-Банипати, Шейх Мырза Камил бин аш-Шейх Ахмед бин Малик Әл-Ясауи Ташқанди, Шейх Ахмед бин Мұс­тафа ибн әл-Муин әр-Рафиқи әл-Каш­мири, Аш-Шейх Мұхаммед бин Мұстафа бин әл-Муин әр-Рафиқи әл-Кашмири, Шейх Таййб бин Ахмед ар-Рафиқи, Аш-Шейх Маулана Абд Алла әл-Кашмири, Маулана Нұр әл-һуда бин Абд Алла бин Мұхаммед Фадл әл-Ясауи, Абд әл-Уәли ат-Тархани әл-Кашмири, Мүфти Абд әл-Му­мин әл-Кашмири, Имам Замини Түркістани.