Сөз тіркесі

Сөз тіркесі ( орыс. словосочетание ) деп толық мағыналы екі я бірнеше сөздің бір-біріне тұлғалық әрі мағыналық жағынан бағына байланысуын атаймыз.[1]

Мысалы: Қайрат балаларға Досанмен болған әңгіменің мән-жайын баяндады деген сөйлемдегі сөздер мына сияқты тіркестерден құралған:
  1. Қайрат баяндады;
  2. балаларға баяндады;
  3. Досанмен болған;
  4. болған әңгіменің;
  5. әңгіменің мән-жайын;
  6. мән-жайын баяндады.

Мұнда әрбір сөз өзін керек қылған, қажет етіп тұрған сөзбен ғана байланысқан. Сөздердің мағыналық байланысын сұрау қою арқылы табамыз.

Сөздердің байланысу тәсілдері

Сөздер өзара тіркескенде, бір-бірімен әр түрлі тәсілдер арқылы байланысады:

  1. Сөздер өзара қосымшалар арқылы, әсіресе жалғаулар арқылы, байланысады.
  2. Сөздер бір-бірімен септеулік шылаулар арқылы байланысады.
  3. Сөздер өзара ешбір жалғаусыз, шылаусыз, түбір тұлғаларында тұрып байланысады.
  4. Сөздердің арасындағы мағыналық байланыс кейде дауыс ырғағы арқылы де беріледі.