Рай

Рай категориясы - модальдік (арай) категорияның етістік формалары арқылы берілетін амал-тәсілдерінің жүйесі.[1]

Етістіктің райы - мазмұн жағынан да, форма жағынан да - аса бай категория.

Мысалы: мен барайын; мен барайыншы; мен барсамшы; мен бара алмаймын; мен бара қояйын; мен бара салайын; мен барып көрейін; мен барып та қалармын; мен барсам етті; мен барып едім ғой; мен барар ма екенмін; мен барсам керек; мен барған екенмін; менің барғым келеді, ...

тәрізді жай сөйлемдердегі етістік формаларын алсақ, олардың әрқайсысында өзіне ғана тән, өзгелерінде жоқ моральдік мән (реңк) бар.

Ашық рай

Ашық рай (индикатив) деп амал-әрекеттің өткенде, қазірде және келешекте болу я болмауын білдіретін негативті грамматикалық категорияны айтамыз. Ашық райдың мәні етістіктің шақ мағынасын білдірумен тікелей байланысты. Өйткені етістік белгілі шақта жұмсалғанда, сол қимылдың болуы арқылы сөйлеушінің ақиқат шындықты баяндауы байқалады. Мейлі ол өтіп кеткен қимыл, іс-әрекет болсын (өткен шақ), мейлі ол болып жатқан іс-әрекет, қимыл болсын, мейлі ол әлі бола қоймаған, бірақ келешекте болуға тиісті қимыл, іс-әрекет болсын, ашық райдағы етістік әйтеуір ол туралы сөйлеушінің шындық деп баяндауын білдіреді.

Мысалы: Әркім өз ойымен отыр (Ғ. М.). Келемін тау ішінде түнделетіп (С. С). Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ (А). Жер жырттық, қайнады еңбек, егіс салдық (Ж. Ж.). Берілген мысалдағы отыр, келемін, шашпақ, жырттық, қайнады, салдық деген етістіктер белгілі бір шақты білдірумен қатар сөйлеушінің соған байланысты пікірін, шындық деп баяндауын білдіріп тұр: әркімнің өз ойымен отыруы, (нақ осы шақ); сөйлеушінің тау ішінде түнделетіп келе жатуы (ауыспалы осы шақ); сөйлеушінің мақсаты тіл ұстартып, өнер шашпақ болуы (мақсатты келер шақ); сөйлеушінің жер жыртуы, егін салуы және еңбектің қайнауы (жедел өткен шақ). Сөйтіп, етістіктің үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірінде қолданылып, сөйлеушінің шындық деп баяндауын білдіруді ашық рай дейміз.