Петропавл

Қала
Петропавл
Таңбасы
Таңбасы
ЕлҚазақстан
СтатусыОблыс орталығы
ОблысыСолтүстік Қазақстан облысы
Координатасы54°53′ с. е. 69°13′ ш. б. / 54.883° с. е. 69.217° ш. б. / 54.883; 69.217 (G) (O) (O) (Я)
ӘкіміТасмағанбетов Марат Иманбайұлы[1]
Құрылған уақыты1752
Қала статусы1807
Жер аумағы221,6 км²
Ресми тіліқазақ
Тұрғыны203 162[2] адам (2011)
Ұлттық құрамыорыстар 66,27 %
қазақтар 21,42 %
татарлар 3,75 %
украиндар 2,97 %
немістер 1,59 %
басқалары 4,00 %[3]
Этнохоронимпетропавлдық
Уақыт белдеуіUTC+6:00
Телефон коды+7 7152
Пошта индекстері150000
Автомобиль коды15
Ресми сайтыhttp://sko.gov.kz/
 (қаз.)  (орыс.)  (ағыл.)
Петропавл (Қазақстан)
Red pog.png
Петропавл (Солтүстік Қазақстан облысы)
Red pog.png

Петропавл (қазақша кеңінен қолданылып жүрген атауы «Қызылжар») — Солтүстік Қазақстан облысының қаласы, облыс орталығы (1936 жылдан бері). Қаланың негізі Есіл өзенінің оң жағалауында 1752 жылы қаланған.[4]

Петропавл автомобиль, әуе, өзен және темір жолдарының ірі торабы. Батыс Сібір ойпатының оңтүстік-батысындағы Есіл жазығының орманды-дала белдемінде, Есіл өзенінің оң жағасындағы «Қызылжар» деп аталатын ежелгі қазақ қонысының орнында орналасқан. Тұрғыны 204,8 мың адам (2011 жылғы 1 мамырдағы жағдайына сәйкес) [5].

Тарихы

Қаланың іргесі 1752 жылы патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына сәйкес Петр І-нің әскери бекінісі ретінде қаланған. Алғашында әскери форпост, кейіннен сібір татарларының (түркілердің) қаласы атанып, Ресейдің Солтүстік және Орталық Қазақстанды отарлау кезіндегі негізгі тірек пунктіне айналды. 1838 жылы Есіл округінің, 1868 жылы Ақмола облысының құрамына еніп, уездік қалаға айналды. 1868 жылдан кейін Петропавл Сібір мен Түркістан сауда жолының бойында орналасуына байланысты Ресей мен Орта Азия хандықтарының және қазақ даласы арасындағы сауда қатынасының ірі орталығы болды. Мұндай ірі сауда орталығына айналуына Абылай сұлтанның Орынбор және Сібір губернаторларынан Қызылжарда (қазіргі Петропавл қаласында) ірі сауда орталығын ашуға рұқсат алуы болды. Петропавлдегі сауда айналымы жылдан жылға ұлғая түсті және орыс көпестері мен Орта жүз қазақтары арасында сауда-саттық жүрді. 18 ғасырдың соңында шағын елді мекеннен (форштадт) ірі сауда орталығына айналды. Патша өкіметі Петропавлда сауданың дамуына көмек беріп, онда қалалық Қоғамдық банк ашты (1871). Кейін ол Мемлекеттік банк болды (1880). 1849 жылы 7 май, 7 былғары, 4 сабын, 17 кірпіш зауыты, диірмендер, т.б. кәсіпорындар жұмыс істеді. 1912 жылы мұнда 600-ге жуық сауда мекемесі болды. Қаланың одан әрі дамуына Транссібір темір жолының салынуы үлкен әсер етті.

Егер 19 ғасырда қала сауда және әкімшілік пункт ретінде дамыса, 20 ғасырдың басында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптің басты орталықтарының бірі болды. Осы жылдары Ресейден жер аударылған шаруалар келіп қоныстана бастады. Олардың басым бөлігі қалаға көшіп келіп, жұмыс күшін көбейтті. Қалада қолөнер мен майда кәсіпкерлік дамыды. Қаланың экономикасына 1-дүниежүзілік соғыс пен Азамат соғысы кері әсер етті. Қала 1932 — 36 жылдары Қарағанды қаласының құрылысын басқаратын және ірі темір жол торабын салудағы негізгі орталыққа айналды. 1932 жылы “Казстройматериал” кірпіш зауыты іске қосылды. Мех. зауыт қайта жөндеуден өтті. Нәтижесінде қала кәсіпорындарының қатары өсіп, жұмысшылар саны 13 есеге ұлғайды. 2-дүниежүзілік соғыс алдында Петропавлда коммуналдық және электр көлігі шаруашылықтары қалыптасты. 2- дүниежүзілік соғыс жылдары КСРО-ның батыс аудандарынан көшірілген 20-ға жуық зауыт, фабрикалар қала экономикасын біршама көтерді. Соғыстан кейін қала жедел дами бастады. Әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде көптеген кәсіпорындар салынып, қаланың әлеуметтік-экономикалық, білім беру және мәдени-ағарту саласы қарқынды дамыды.

90-жылдары нарықтық экономикаға өтуге байланысты Петропавл қаласындағы ірі өнеркәсіп орындары өз жұмыстарын біршама баяулатты. Шаруашылық байланыстар үзіліп, кәсіпорындардың жұмысы тоқтай бастады. Тек 90-жылдардың соңынан бастап ел экономикасымен бірге Петропавл қаласының да экономикасы біршама жақсарды.