Одағай

Одағай - сөз табы. Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан түрлі күйін білдіретін дыбыстар сияқты болып келеді. Бірақ олар жай ғана дыбыстар емес, жұртшылыққа әбден түсінікті болып, белгілі дағды бойынша сөз ретінде пайдаланатын дыбыстар. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған. Мысалы: Уау, жігіттер-ау, бұл қалай? (Ғ. Сланов); Па, сабаз, мал болғаныңа! (бұ да); Түу, қандай тымырсық түн (бұ да); Е, жолдас, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? (С. Мұқанов) дегендердегі уау, па, түу, е деген одағайлар үйреншікті сөздерге айналып, жұрттың бәріне түсінікті болып кеткен.[1]

Одағай сөздер мағына жағынан заттың өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жайы-күйі туралы ұғым бермейді.

Ерекшеліктері

Одағайлар — өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:

  1. Одағай сөздердің мағыналары адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатын дыбыстық ишараттарды білдіреді. Мысалы: Мұны бастап жүрген кім екен, ә? (Ә. Әбішев); Япырмау,жастық деген қандай қызық? (Ғ. Сланов) дегендердердегі ә, япырмау сөздер — одағайлар.
  2. Адамның көңіл күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, ауыспалы демек, көп мағыналы болып келеді.
  3. Одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған сөйлемнің мүшесі болмайды.