Морфология (лингвистика)

Морфология (гр. morf — түр, тұлға, logos — сөз, ілім) — дербес сөздердің грамматикалық мағыналарын тексеретін, грамматикалық сөз тұлғалардың қызметі мен қалыптасу, даму заңдылықтарын зерттейтін тіл ғылымының бір саласы.

Морфологияның негізгі материалы — морфема. Морфология сөздің грамматикалық тұлғаларын жеке бір тілдегі сөздердің диахрондық (тарихи даму), синхрондық (қазіргі кездегі) көрінісімен де зерттейді. Морфология сөз тұлғаларының түрленуін, бөлшектенуін, әр түрлі өзгеріске түсуін анықтау мақсатында салыстыра зерттеу жүйесімен де айналысады. Сөздің тұлғасы, мағынасы және атқаратын қызметі сөйлем құрамында ғана анықталатын болғандықтан, сөзді синтаксиспен байланысты қарастырады. Демек сөзді лексика-грамматикалық сипаты тұрғысынан айқындайды.

Жалаң және күрделі сөздер

Қазақ тіліндегі сөздер морфологиялық тұрғыдан жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді. Жалаңдар сөздің түпкі мағынасын білдіретін түбір сөздер де, күрделілер кем дегенде екі сөзден құралатын біріккен, қосарланған, күрделенген (ақ құба, ақ сары) сөздер. Жалаң сөздер құрамы жағынан түбір тұлғалар мен қосымшалардан құралады. Түбірлер сөздің негізгі лексикалық мағынасын білдіреді де, қосымшалар түбірге неше түрлі грамматикалық мағыналар үстейді. Мысалы, ұйымдастырушылардың бірі деген сөз тіркескендегі алғашқы сөз ұйым+дас+тыр+у+шы+лар+дың болып 7 бөлшектен тұрады. Мұндағы ұйым — негізгі түбір, -дассөзжасам қосымша, -тыр - өзгелік етіс жұрнағы, — қимыл есім жұрнағы, -шысөзжасам жұрнақ, - лар — көптік жалғауы, -дың — ілік септігі жалғауы. Бұлардың әрқайсысының өзіндік лексикалық және грамматикалық мағыналары бар.