Еліктеу сөз

Еліктеу сөздер — табиғат құбылыстары мен жан-жануарларда болатын әр алуан дыбыстарға және олардың сын-сипат, қимыл-әрекеттеріне еліктеуден туған сөздер. Қазақ тілінде еліктеу сөздердің екі түрі бар:

  • 1) еліктеу есту қабілеті арқылы пайда болған еліктеуіш сөздер: тарс-тарс, салдыр-гүлдір, дыр-дыр, гүрс, шолп[1];
  • 2) еліктеу көру қабілеті арқылы пайда болған бейнелеуіш сөздер: жалт, жарқ, лып, маймақ, көлбең. ербең-ербең.

Олар көмекші етістікпен (ет-)тіркесіп күрделі мүшенің құрамына кіреді. Жеке тұрып сөйлемде көбінесе пысықтауыш, анықтауыш кызметін атқарады. Мысалы: Мырс етіп күлді. Бүлк-бүлк желіс. Ол күрт бұрылды. Интонацияның елеулі мәні бар. Мысалы: Рақмет үндемей отырып қалды (С. Ерубаев). Жаз. Шаңқай түс мезгілі (М. Әуезов).[2] Еліктеу сөздер семантикалық жағынан алғанда

  1. біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан туатын, сондай-ақ, неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын әр қилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе,
  2. е кіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың және неше түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-әрекеттерінің де қилы-қилы көрінінстерінен пайда болатын түсініктерді білдіреді.

Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, тырс, ырс, барқ, борт, күрт, кірт, морт, сарт, шырт, дүңк, күңк, қыңқ, мыңқ, маңқ, саңқ, шаңқ, шіңк, сыңқ, таңқ, тыңқ, ыңқ, болп, былп, жалп, желп, қолп, ірк, ырқ, сарт-сұрт, тарс-тұрс, арс-ұрс, жалт-жалт, жалт-жұлт, қалт-қалт, қалт-құлт, қаңқ-қаңқ, қаңқ-құңқ, шаңқ-шаңқ, шаңқ-шұңқ, арбаң-арбаң, бүгжең-бүгжең, арсалаң-арсалаң, ербелең-ербелең, батыр-бұтыр, далаң-далаң, тарбаң-тарбаң, қызараң-қызараң, қаңғыр-күңгір, қайқаң-құйқаң, митың-митың, салаң-сұлаң, ыржың-тыржың т. б.

Анықтамасына қарай бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді:

  • еліктеуіш (еліктеме) сөздер және
  • бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер.

Еліктеуіш сөздер

Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ, жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы: Мылтық тарс етті; қарға қарқ етті деген сөйлемдерді алсақ, ондағы тарс деген сөз мылтықтың атылуынан туған дыбыстың атын білдірсе, қарқ деген сөз қарғаның дыбыстау мүшесінен (қарқылдауынан) шыққан дыбыстың атын білдіреді.