Бақтияр Құбайжанов

Құбайжанов Бақтияр (10.11. 1910, казіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы - 28.8.1982, Алматы) - домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1954). Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастады. Белгілі күйші Есбайдың (Тазбала) шәкірті. 1935 ж. қазіргі Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі құрамына қабылданып, бас домбырада ойнады, кейіннен контрабас домбырашылар тобының концертмейстері болды. Құбайжанов оркестр репертуарынан басқа "Нар идірген", "Ақсақ құлан", "Дөң асқан", "Қызыл қайың", "Өтті-кетті", "Теріс қақпай", "Шалқыма", "Ел айырылған", "Ақжелең" күйлерін (100-ге жуық) асқан шеберлікпен жеке орындаған. 1936 ж. және 1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрінің құрамымен ҚХР-да (1950,1957), Румынияда (1953), Венгрияда (1969), Польшада (1973), Финляндияда (1971) болып өнер көрсетті. Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1949, 1950,1954), медальдармен марапатталған.[1]

  • Дереккөздер

Дереккөздер

  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8