Ақтөбе

Қала
Ақтөбе
Aktobe collage.png
Таңбасы
Таңбасы
ЕлҚазақстан
Статусыоблыс орталығы
ОблысыАқтөбе облысы
Координатасы50°18′ с. е. 57°10′ ш. б. / 50.300° с. е. 57.167° ш. б. / 50.300; 57.167 (G) (O) (O) (Я)
ӘкіміИспанов Ильяс Сапарбекұлы
Құрылған уақыты1869
Қала статусы1891
Жер аумағы297,39 км²
Орталығының биiктігі225 м
Климатыконтиненталды
Ресми тіліқазақ
Тұрғыны387 807 адам (2015)
Тығыздығы1304 адам/км²
Этнохоронимақтөбелік, ақтөбеліктер
Уақыт белдеуіUTC+5:00
Телефон коды+7 7132
Пошта индексі030000
Пошта индекстері030000—030021
Автомобиль коды04
Ресми сайтысілтеме
 (қаз.)  (орыс.)
Ақтөбе (Қазақстан)
Red pog.png

Disambig gray.svg Басқа мағыналар үшін Ақтөбе (айрық) деген бетті қараңыз.

Ақтөбе (Дыбысы тыңдау) — Батыс Қазақстандағы қала, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қалалық әкімшілігінің орталығы.

Ақтөбе Қазақстанның батысында, Ақтөбе облысының солтүстік бөлігінде орналасқан. Қала ауданы — 297,39 км². 1997 жылы қала әкімшілігінің құзырына бұрынғы Ақтөбе ауданының аумағы өтті. Құрамына Ақтөбе қаласы мен көршілес бес ауылдық округ енген жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымның ауданы 2 338 км² тең болды. Қаланың ішімен Елек өзені мен оның тармақтары ағып өтеді, жақын маңда Ақтөбе және Сазды су қоймалары орналасқан. Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде, мұхиттардан қашық орналасқандықтан қала климаты континенталды болып келеді.

Ақтөбе Қазақстан қалаларының арасында халық саны бойынша бесінші орында орналасқан, Батыс Қазақстан өңірінің ең ірі қаласы. Халық саны — 387 807 адам (1 қаңтар 2015). Ақтөбеде көптеген ұлт өкілдері өмір сүреді. Саны жағынан ең көп таралған ұлттарға қазақтар (76,3 %) мен орыстар (16,89 %) жатады. Негізгі діни топтар — мұсылмандар мен христиандар. Қала әкімшілігіне бағынышты бес ауылдық округте 51 508 адам өмір сүреді. Болашақта 1,3 млн адамды «сыйдыруға» тиіс қалыптасып жатқан Ақтөбе агломерациясының құрамына Ақтөбе маңындағы ондаған елді мекен кіреді.

Қаланың негізі Ресей империясының қарулы жасағымен Ақтөбе бекінісі (орыс. Ак-Тюбе) ретінде Елек өзенінің сол жағалауында, оң жағынан Қарғалы өзені құятын тұсында қаланды. 1891 жылдың 25 наурызында Ақтөбе Торғай облысының құрамындағы уездік қала мәртебесін иеленіп, орысша атауы Актюбинск болып өзгертілді. Азаматтық соғыс кезінде Ақтөбе Торғай өңірінің революциялық күштерінің орталығына айналды. Қала кезекпен ақтар мен большевиктердің қолына өтті. 1919 жылы қалада біржолата кеңес өкіметі орнады. 1921 жылдан бастап Ақтөбе губерниясының әкімшілік орталығы. 1928 жылы Ақтөбе губерниясы таратылғаннан кейін Ақтөбе округінің орталығы, 1932 жылдан бастап жаңадан құрылған Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы. Бүкіл өңір тұрғындары секілді ақтөбеліктер 1920-шы және 1930-шы жылдары орын алған ашаршылықтан жапа шекті. Ұлы Отан соғысы жылдары қалада бірнеше әскери жасақтар құрылып, жау басып алған аймақтардың кәсіпорындары осында көшірілді. 1991 жылы КСРО ыдырағаннан бастап Ақтөбе тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрамындағы Ақтөбе облысының орталығы. Қазіргі таңда химия, тамақ және жеңіл өнеркәсібі дамыған Ақтөбе қаласы Қазақстанның ірі индустрия және мәдениет орталықтарының бірі.

Атауы, рәміздері

Атауы

Қала атауының қазіргі жазылуы 1940 жылы кириллица негізінде жасалған әліпби қабылданған кезден бастап қолданыста. 1929— 1940 жылдары қала атауы латын әріптеріне негізделген қазақ әліпбиімен «Aqtɵbe» деп[1], одан бұрын араб-парсы әріптерін қолданған әліпбимен «اقتوبە»‎ деп жазылған[2]. Қытай және Таяу Шығыстағы қазақтарға арнап шығарылатын басылымдарда қала атауының араб әріптерімен жазылатын нұсқасы әлі күнге шейін қолданылады[3][4][5].

1891 жылы Ақтөбе бекінісі (Акъ-Тюбе) Ресей империясының уездік қалаларының біріне айналғаннан бастап 1999 жылға дейін қаланың орыс тіліндегі атауы «Актю́бинск» (Актюбинскъ) түрінде жазылып келді. 1999 жылдың 11 наурызында жарияланған Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қаулысына сәйкес, қала атауының орысша транскрипциясы «Актобе́» болып өзгертілді[6]. Бұл қаулы «Тiл туралы» заңның «елді мекендердің… дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс» деген тұсына сәйкес келеді. Орыс тіліндегі жаңа атау Ресейдің мемлекеттік тіркеу, кадастр және картография Федаралдық қызметімен ресми түрде мойындалды[7].

Қала атауы көне түркі тіліндегі aq («ақ») және töpüтөбе») сөздерінен құралған. Бұл атау орыс тілінде «белый холм» мағынасын білдіргендіктен, кейде Ақтөбені орысша «Город на белом холме»[8] немесе «Беловершинск»[9] деп те атайды.

«Ақтөбе» және осыған ұқсас елді мекен атаулары Қазақстаннан басқа елдерде де кең таралған (Ахтуба, Актюба, Ақтепа, Ақ Таппе, Ақдепе) .

Таңбасы

Ақтөбенің ең алғаш таңбасы (авторы: С. Т. Симонов) 1968 жылдың 18 қараша күні бекітілді. 20 жыл өткен соң, 1988 жылдың 24 желтоқсанында халық депутаттарының қалалық Кеңесі суретші М. Ф. Луцинның жобасы бойынша жаңа таңбаны қабылдады.

1998 жылы алда келе жатқан Ақтөбе қаласының 130 жылдық мерейтойының қарсаңында қала әкімшілігі жаңа елтаңбаға сайыс жариялады. Құрамына ғалымдар, архитекторлар және бұқаралық ақпараттық құралдар өкілдері кірген жюри 50 жұмыстың арасынан үздік деп ақтөбелік суретші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Сағынтай Әлімбетовтың эскизін таңдады. Таңба ресми түрде 1998 жылдың 24 шілде күні қалалық Мәслихаттың 23-сессиясында қабылданды.

Ақтөбе елтаңбасы «мәңгіліктің нышаны» болып саналатын дөңгелек пішінінде жасалған. Қала атауы «тазалық» пен «қасиеттілікті» білдіретін ақ түспен жазылған, көк түсті ою-өрнек «табиғаттағы судың мәңгілік қозғалысын», қызыл түсті ою-өрнектер қызғалдақтарды білдіреді (қызғалдақ — Ақтөбенің бейресми символы[10][11]). Елтаңбаның нақ ортасында бүркіт басты, арыстан денелі, арқасында қанаты бар мақұлық (грифон) бейнеленген[12].