Арыс өңірі ескерткіштері

Арыс өңірі ескерткіштері ежелгі дәуірлерден қалған археологиялық ескерткіштер. Бұл өңір үш ландшафты аймақты қамтиды: таулы, тау етегі, далалы кеңістік жерлер. Егіншілік пен мал шаруашылығы мәдениеті дамыған аймақ.

Тас дәуірі - кейінгі орта ғасыр ескерткіштері

Тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасыр ескерткіштері кездеседі. Өңірде 1960 жылдан Жетісу кешенді археологиялық экспедициясы, 1971 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.Ақышев), 1980 ж. Шымкент педагогикалық институтынын археологиялық экспедициясы барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Бөріжар, Алтынтөбе, Қаратөбе зираттары мен ежелгі қалалар орны ашылды. Барлау барысында 1973 ж. археолог Х.Алпысбаев Шаян, Арыс - Түркістан каналдарының бойынан ерте ашель дәуіріне жататын тұрақтарды тапқан. 1974 - 75 ж. Арыс қаласынан 10 - 12 км жерде Тасқотан, Бесқотан, Байтоғай сияқты тас дәуірінің ескерткіштері табылып, бұл өңірде алғашқы адамдардың өмір сүргені дәлелдейді. 80 ж. әр түрлі құрылымдағы 3 мыңнан астам қорғандар тобы есепке алынды.